Бүгінде компьютермен жұмыс істемейтін адам жоқтың қасы. Қай мекемеге барсаңыз да компьютерге үңілген адамдарды кездестіресіз. Мұның барлығы көзге ауырлық түсіреді. Осылайша жұмыс істегеннен көзде жайсыздық пайда болып, құрғай бастайды. Тынымсыз жұмыстан көз шаршайды. Бұл көз көргіштігінің нашарлағанын білдіреді. Бірақ та мамандар арнайы жаттығуларды жасау арқылы жанарды қалыпқа келтіруге болатынын айтады. Жалпы, көз бұлшықеттер арқылы жұмыс жасайды. Дәрігерлер сол бұлшықеттерге күн сайын жаттығу жасау керектігін айтады. Әсіресе таңертең және кешкілік уақытта көзді шынықтырған әлдеқайда пайдалы екен. Сонымен қатар жаттығуды алдымен аздан бастап, үйрене келе көзді көбірек шынықтыруға болады. Жай қимылмен, линзасыз және көзілдіріксіз жасағандұрыс. Сонда көздің көргіштігі жақсарып, қалыпты жұмыс жасай бастайды.
1. Көзді жеңіл әрі тез-тез ашып-жұмыңыз. Жаттығу 2 минут жасалады. Бұл жаттығу көздің қанайналымын жақсартады.
2. Ермексазды пайдаланып, кішкентай дөңгелек жасап аласыз да, терезеге жабыстырып қоясыз. Содан соң сырттан алыста тұрған бір затты белгілеп алып, бірнеше секунд қарап тұрасыз да, артынша терезеге жабысқан ермексазға жанарыңызды бұрасыз. Берілген жаттығуды біраз күн жасағаннан кейін тапсырманы қиындатуға болады. Ол үшін әртүрлі қашықтықтағы 4 заттарды көзіңізбен белгілеп, әрқайсысына бірнеше секунд қарап тұруыңыз керек.
3. Үшінші жаттығуда көзді барынша жұмып 5 секунд тұрасыз, артынша көзді қатты ашасыз да тағы сонша уақыт тұрасыз. Осылайша жаттығу 8-10 рет қайталануы тиіс. Аталмыш жаттығу қабақ бұлшықеттерін нығайтып, қанайналымның жақсаруына әсер етеді. Сонымен қатар, көз бұлшықеттерін босаңсытады.
4. Әрбір қолыңыздың үш саусағымен қабақты 1-2 секунд басып тұрасыз. Сосын қайта босатып, қабақты саусақпен басуды жалғастырасыз. Көз ішіндегі сұйықтықтың айналымын жақсартқыңыз келсе, осы жаттығуды жиі-жиі жасаған дұрыс.
5. Денемізге қарама-қарсы душты қалай қабылдасақ, көзге де мұндай массаж өте қажет екен. Таңертең ұйқыдан тұрғанда алдымен ыстық сумен (күйіп қалмайтындай болу керек) көзді шайып, артынан салқын сумен жуасыз. Кешкі уақытта керісінше салқын сумен шайып алып, соңынан ыстық суды пайдалнасыз. Міне, осылайша жасалған гидромассаж көзге өте пайдалы.
6. Көзге ең алғашқы көмекші құрал ретінде бұл жаттығудың алар орны ерекше. Көзді бірнеше минут бойы жұмып, есте қалған жағымды сәттерді ойлаңыз. Көзді ыстық алақанмен басып тұрсаңыз, нәтижесі тез байқалады. Ол үшін алақанды бір-біріне ысқылап, көзіңізге басыңыз.
7. Енді көзге біраз салмақ түсіретін жаттығулар жасаймыз:
- Суреттегідей қалыппен жоғары-төмен қарайсыз.
- Сағат тілімен және қарама-қайшы бағытта көзді айналдырамыз.
- Көзбен қиғаш сызықтар сызамыз.
- Төртбұрыш сызыңыз.
- Көзбен доғал сызықтар сызыңыз. Алдымен көздің жоғарғы жағынан, сосын төмен қарай доғал сызықтар сызу керек.
- Көзбен төртбұрышты ромб сызамыз.
- Қыздардың бантигін сызып шыққан да пайдалы.
- S әрпін сызамыз.
- Жалпы сурет бойынша барлық сызықтарды сызып шығу керек.
Есте сақтаңыз! Әрбір жаттығуды жасап болған соң көзді жұмып, бір минуттай отырасыз; Компьютер алдында отырып жұмыс істегенде күніне екі рет осы жаттығуларды жасайсыз; Әрбір іс-қимылды бар ынтаңызбен, көңіл қойып жасағаныңыз жөн; Компьютермен жиі жұмыс жасайтын болсаңыз, әрбір 40 минут сайын бірер минут үзіліс жасағаныңыз дұрыс.
.